Баяндамалар

Асылдың сынығынан қалған алтын тұяқ…….

 

       Қазақтың заңғар жазушысы,  қазаққа «Абай жолын» сыйлаған Мұхтар Әуезовтың ұлы, заманының біртуар перзенті, елінің мақтанышы,  асылдан қалған алтын  тұяқ    Мұрат Әуезов биылғы жылы 80- жасқа толып отыр. Мұрат Әуезов  1943 жылы 1- қаңтарда Жамбыл облысында дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдерінің «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірген.

        Мұрат Мұхтарұлы Әуезов бүгінгі таңда көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, “Алтын асық”, “Тарлан” сыйлығының лауреаты. “Времен связущая  нит”, “Иппокрен”, “Уйти, чтобы вернуть” еңбектерінің авторы. Қызмет ету жолында басшы да, депутат та, елші де болған.

        Сондай –ақ,  Қазақстан Жазушылар Одағы мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын асық», «Тарлан» сыйлығының лауреаты. «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысы мен «Невада – Семей» қоғамдық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болды. Ұлы Жібек Жолын зерттеу мен дамытуға қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО-ның қола медалімен марапатталған. Асылдың сынығы, әке тәрбиесін бойына сіңіріп өскен ұлы жазушының перзенті еліміздің кино өнері мен телевизиясын дамуына елеулі үлес қосты. 

       Ұрпағы мен ұлтын ұлықтаған кемеңгер Мұраттай ұл өсіріп, сәби жасынан сөз өнеріне баулыды. Кітапқа үйір етіп, өз шығармаларын оқытуға, олардан үлкен ой түйіп, танымын тәрбиелеуге талаптандырды. Алыста болса да айналайынын аямай, аяулы сезіммен сүйе білген сүйікті ұлы Мұратқа  деген мөлшерсіз махаббат оған сыйлаған алғашқы автограф мәтіндерінде  де сол мөлдірлігі жоғалмаған күйінде сақталыпты: «Алтын балам, ақылды, жақсы Мұратайға. Ағасынан»1953 ж.28/ХІ». Бұл  Фатима айдауда жүрген кезде өмірге келген кенже ұлы  Мұратқа арнап жазған алғашқы жүрек жарды сөзі, сағынышы, сүйіспеншілігі, әкелік махаббаты еді. Елінің мақтанышы, қазаққа «Абай жолын» сыйлаған Мұхтар Әуезовтің ұлты үшін сіңірген еңбегі зор. Өзі ғана емес, ұл-қызын да ұлтқа қызмет етуге тәрбиелеген. Сондықтан болар, ұлы қаламгердің ұрпақтары түгелдей ғылыммен айналысып, ел дамуына сүбелі үлес қосты. Бүгінде жазушының Мұрат Мұхтарұлынан өзге балалары өмірден озды. Мұғалима апамыз әкесі туралы естелік жазып қалдырды. Ләйлә Әуезова тарих ғылымының докторы, дарынды ғалым болған. Әкесінің шығармалары мен ғылыми еңбектерін жинастырып, мемориалды мұражайын ашып, оның дамуына көп еңбек сіңірген жан. Ернар Әуезов бүкіл ғұмырында Қазақстан табиғатын қорғауға қатысты. Бүгінгі күні қаламгердің ұлы Мұрат Әуезов мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және танымал қоғам қайраткері ретінде қалыптасты. Мұхтар Әуезов өмірінің соңында Мәскеуде Кунцевский ауруханасында емделіп жатқанда Мұрат Мәскеу университетінің студенті еді. Сондықтан соңғы сәттерінде әкесінің жанында ең көп болған азамат газетіміздің «Әкесі жақсы қандай-ды…» айдарында естеліктерімен бөліскен болатын.

      Мұхтар Әуезовтің қолтаңбасы, түскен барлық құжат, көркем мәтіндер, жазбалары қазақ үшін асыл құндылық екені белгілі. Сондықтан, кемеңгер жазушының сүйікті ұлына деген өлшеусіз махаббатын мәлім­дейтін бір-екі мәтінді ұсынуды жөн көрдік. Мұхтар Әуезов баласына жазған хатында: «…Мұратай! Айналайын жақсы балам. Тілі тәтті, өзі тәтті Мұратайым. Сен мені сағындың ба, мен сені көп ойлап, көп сағынам. Қашан тағы көрер екем деп ойлаймын. Енді көргенде Мұратайым маған тағы қандай әндер айтып берер екен деп ойлаймын. Сен әнді жақсы айтушы едің. Осы күнде тіпті көп өлең, ертегі білетін болған шығарсың.Үйрене бер. Ең болмаса харіптер үйрен. Тәтеңе айтып маған өзің де хат жаз. Жаздыгүні мен саған велосипед әперем, алдамаймын, айналайын жаным. Ал, бетіңнен, көзіңнен сүйдім. Хат жазған ағаң. 4.ІІ.48 ж», – десе, енді бір хатында: «…Айналайын, Мұратайым! Сенің тәтеңе ерік бермей, маған хат жазғызғаныңа мен соншалықты қуанамын. Сен ақылды болып келесің. Ағаңды ойлағаның сол ақылды болғандығыңнан. Енді бұдан былай аз аздап сабақ та оқи беру керек. Тәтең саған жеңіл, жеңіл кітаптар оқып беретін болсын…», – деген сөздерінің өзі даналықтың дәнегіндей, тағлым мен тәрбиенің төресіндей.

      Мұрат Әуезовтің жастарға айтқан ақылы: «Ұлтжандылық деген бұл – Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұр­ландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры – осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман – қатал».

      Қаламгердің «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан кітабында өмірбаяндық мәліметтер, таңдаулы туындылар, замандастары мен әріптестерінің естеліктері, сонымен қатар мұрағаттық деректер мен әр жылдағы суреттер көрініс тапқан. Кітаптары: «Ділім», «Үлкен жол», «Гүл іспеттес жол», т.б. деректі фильмдердің, «Времен связующая нить», «Иппокрена. Хождение к колодцам времен».Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолын кеңінен насихаттау үшін заманауи көзқарасқа сай жан-жақты зерттелген шығармаларға қажеттілік туындайды. Қазақ және түрік әдебиеттанушыларының бірігіп жүргізетін зерттеу жұмыстары бұл кемшіліктерді азайтып қана қоймай, Мұхтар Әуезов және оның әдеби шығармашылығының сапалы түрде аударылып, жариялануына септігі тиер еді. Осы тұрғыдан алғанда Мұрат Әуезовтің түрлі философиялық ой-пікірлері мен тұжырымдамалары бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Асылдың сынығы ретінде ол кісінің әрбір сөзі мен ісі жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

                                                         Дайындағандар: Ұ.Маткеева, Г.Боранова, А.Маликова

 

        Баяндама тақырыбы: Бастауыш сыныпта өлкетану жұмыстарын пәндермен байланыстырып өткізудің  тиімді жолдары.

Дайындаған бастауыш сынып мұғалімі: Айгужина Г.К.

         Мақсаты:Жас жеткіншектердің туған елге, жерге деген перзенттік сезімдерін қалыптастыру, ел тарихындағы ұмытылмас тарихи оқиғаларды терең біліп өткені мен бүгінгісін байланыстыра отырып, өзінің саналы көзқарасын, үлесін қоса білуіне дағдыландыру және өлкетану жұмыстарын басқа пәндермен байланыстыру.

         Міндеттері:

  • Оқушыларға «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қозғалған өлкетану ісін дамыту ;
  • Оқушының өлке тарихын зерттеуге құлшынысын артырып, туған жерге деген құрмет сезімін ояту.
  • Оқушыларды өздері туған, өскен өлкелеріңдегі тарихи ескерткіштерді аялап күтуге, қамқорлыққа алуға, олардың сақталуын қадағалауға тәрбиелеу;

         Күтілетін нәтиже:

-Оқушының туған жерге деген құрмет сезімін оянады.

-Өзіндік ұстанымы, қағидасы қалыптасады.

– Жергілікті жердің тарихымен таныса отырып, өзінің қорытынды пікірін еркін айта алатын, ой-өрісі биік, өзінің теориялық білімін практикамен  ұштастыратын сауатты ұрпақ ретінде қалыптасады

         Болашақта өркениетті ел қатарына қосылатын көш бастайтын ұрпақ өсіреміз дейтін болсақ, Отан сүйгіш, өз елін, туған жерін сүйетін ұлтжанды, патриоттық интернационалдық сезімдерге бай, жан-жақты білімді, дені сау ұрпақ тәрбиелеуде еш уақытта естен шығармауымыз керек.

          Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған өлкетану ісін дамыту мәселесін қолдай отырып, өз Отанын сүюді өскен өлкелерінен бастаулары керек деп ойлаймын. (слайд)

         Күнделікті сабақта, тәрбиелік шараларды пайдаланудағы мақсат-тәуелсіз еліміздің болашағы жас жеткіншектердің туған елге, жерге деген перзенттік сезімдерін қалыптастыру, ел тарихындағы ұмытылмас тарихи оқиғаларды терең біліп өткені мен бүгінгісін байланыстыра отырып, өзінің саналы көзқарасын, үлесін қоса білуіне тәрбиелеу.

         Жас ұрпаққа туған жер тарихын айтып — үйрету, оқиғалармен хабардар ету — әр мұғалімнің міндеті деп білемін.

          Өлкетану  – туған өлкені жан-жақты зерттеп білу. Өлкетанудың басты міндеттері – өздері туған, өскен өлкелеріңдегі тарихи ескерткіштерді аялап күту, қамқорлыққа алу, олардың сақталуын қадағалау.  Осы мақсатта дүниетану сабағында « Менің қалам», «Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті» тақырыбын өткенде қаламыздағы ескерткіштер жайлы мәліметтер жинап, сабақта өз ойларын ортаға салып, сол кісілердің тарихымен терең танысты.Сонымен қатар оқушыларды қаламыздағы Ы.Алтынсарин мұражайы және өлкетану мұражайларына барып өзінің туған өлкесінің тарихымен танысып отырады. (слайд)

          Тарихты білу – өзінің, отбасының, әулетінің, туып-өскен өлкесінің тарихын білуден басталады. Өзінің тегін, оның тарихын білмеген адам өз халқының тарихын білуге ұмтылмайды, оған қызықпайды. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында әдебиеттік оқу пәнінен өзіміздің жерлестеріміз М.Дулатов, А.Байтұрсынов,Ы.Алтынсарин,С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков сияқты ақын жазушылардың туған өлкеге арнап жазған шығармаларымен таныса отырып,   оқушылардың бойында туған өлкеге деген мақтаныш сезімі оянса,ал дүниетану пәнінен «Менің отбасым», «Менің ата-тегім» тақырыптарын өту барысында оқушыларға өздерінің ата-тегін біліп, шежіре құрастыру тапсырып,  оны «Мәуелі ағаш» бұтақтарына орналастыра білді.(слайд)

          Сол сияқты , дүниетану, жаратылыстану  оқулықтарында   «Сәулет өнері», «Атақты тұлғалар», «Өнер» сияқты  тарауларда  өлкетану бағыты бойынша  бірқатар тақырыптар енгізілген. Сол тақырыптарды өту барысында оқушыларға туған өлке, туған жер туралы мысал келтіре отырып, олардың пәнге деген қызығушылығын, танымдық қабілеттерін дамыту барысында бірқатар жұмыс жұйелері жүргізіліп отырылады. Жаңартылған білім  беру жүйесіндегі жаратылыстану, дүниетану оқулықтары тарих, география, биология, химия, физика пәндерінің негізін қалаушы. Осыған орай бірінші сыныпта «Менің ауылым.Менің қалам» тақырыбын өткенде өз қаламыздың тарихымен таныса отырып көрікті орындарына саяхат жасадық, «Өлкетану» мұражайына барып одан әрі оқушылардың  өз туған жерінің тарихына  деген құрмет сезімі қалыптасты. Туған жерге деген сүйіспеншілік дамыту мақсатында 2-сыныптың дүниетану оқулығында «Менің отбасым және достарым», «Менің туған өлкем», 3-сыныпта «Менің бабаларым қыпшақтар» сияқты  тақырыптары беріліп отыр.Осы пәндерді сабақтастыру мақсатында туған өлке тақырыбын тереңірек түсіндіру үшін тарих пәнінің мұғалімі Гүлсім Муратқызымен бірге жұмыс жұмыс жасап келеміз. Ал химия пәнінің мұғалімі Ардақ Қонақбайқызы жергілікті жерден шығып жатқан минералды ресурстарды оқушыларға көрсетіп, туған жеріміздің байлығымен балаларды таныстырып өтті.

         «Жаратылыстану» пәні оқушылардың ғылыми-зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқулықтағы  «Мен-зерттеушімін», «Өсімдіктер», «Жануарлар»  тақырыбы оқушылардың өз туған жерлеріндегі жануарлар мен өсімдіктерді тереңірек танысуға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда биология пәнінің мұғалімі Айжан Умуткалиқызы өсімдіктер тарауын өткенде жергілікті жердегі мәдени өсімдіктердің шығу тарихымен, олардың таралу аймағын карталардан көрсетіп оқушыларға тереңірек мағұлмат берді. Дүниетану пәнінен «Мен жергілікті жердің планын жасаймын» тақырыбын өткен кезде география пәнінің мұғалімі Жанат Тәупқызы оқушыларға Қостанайдың жер бедері мен геологиялық құрылысы және су ресурстарымен таныстырып сонымен қатар наурызым қорығымен ондағы жануарлар мен өсімдіктердің «Қызыл кітапқа» енгендігін айтты. Сонымен қатар жергілікті жеріміздегі өнеркәсіп орындары «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасы және «Алпамыс» балалар аяқ киімі өнеркәсіп орындарымен таныстырды. (слайд)

          Қытай философы Конфуций айтқан «Маған айтып берсең-ұмытып қаламын, көрсетсең-есте сақтаймын, өзіме жасатсаң-үйренемін» дегендей сабақтарымызда туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы, үйренгенін өмірде қолдана алатындай шәкірттеріміз білімді де саналы болуына өз үлесімізді қосамыз деп үміттенемін.

 

   Баяндама тақырыбы: Мәриям апа өмірі – жас буынға үлгі

Дайындаған бастауыш сынып мұғалімі: Елтаева Г.А.

      Көрнекті қаламгер, қазақтың халық жазушысы, жерлесіміз – Мәриям Хәкімжанова  атындағы  №20-шы орта мектептің  қабырғасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдеби іс-шара  жылдан-жылға  кең көрініс тауып келеді.  Ақын апамыздың құрметіне арналған «Мәриям оқулары» байқауы жылда  іске асып отыр.  Қазақ поэзиясындағы жарық жұлдыздардың бірі – Мәриям Хәкімжанованың есімін білмейтін жан кем де-кем. Көзі тірісінде апамыздың 30 шақты кітабы жарық көріп үлгерді. Өзінің өлеңдерінде жерлесіміз Отан, өмір, бейбітшілік туралы үлкен азаматтық ой толғаған.  Қаламгердің мол мұрасын ұрпаққа насихаттау – парыз, –  деп ойлаймын.  

     Мәриям апамыздың  тағылымды да өнегелі мол мұрасын  бастауыш сынып оқушыларына  насихаттау,  білімалушылардың бейілін қазақ поэзиясына тарту, Мәриям Хәкімжанова  шығармалары арқылы адами құндылықтар мен адамгершілік қағидаттарын  білімалушылардың  бойына сіңіру сынды қасиетті мақсаттарды арқалады.

       «Жыр анасы» атанған  жерлесіміздің 1935 жылы “Жеңешем өлеңдері” кітабы жарық көрді. Әр жылдары шыққан “Ана махаббаты”, “Жыр асуы”, “Бөбегім менің – өлеңім менің”, “Ана көктемі”, “Гүл туралы аңыз”, “Намыс”, “Өткелдер” және басқа да жыр жинақтарын қалың оқырман жылы қабылдап, ақын ретінде ғана емес, халық ауыз әдебиетін жинап-зерттеуші  Жамбыл, Омар Шипин, Нұрпейіс Байғанин, Абдолла Жұмағалиев, Мұқан Төлебаев, Тайыр Жароков және басқа да тұлғалар туралы жазған аса құнды естелік, мақалаларымен тарихтан өз орнын ойып алды.

       Мен оқытып жатқан жаңартылған білім бағдарламасының 1-сынып оқулығында да «Бөбектерім оқы,ойна»атты  өлеңі берілген. Осы өлеңді өту барысында оқушылар,жыр анасының өмірмен таныса отырап өлеңін жатқа айтты.

      Сонымен қатар, алғаш мектепке келген шәкірттерімді мектеп атауы М.Хәкімжанованың атауымен аталғандықтан толық таныстыру, мағлұмат беру мақсатында мектеп кітапханасына апарып таныстыру сабақтары өткізілді. Сабақ барысында М.Хәкімжанова туралы постер қорғап мәлімет беріліп отырылды.

     1-сыныптың Сауат ашу оқулығында М.Хәкімжанованың «Бөбектерім, оқы, ойна» атты өлеңі берілген. Барлық оқушылар түгел жаттады. 4-сыныптың Әдебиеттік оқу оқулығында «Көктем жыры» атты өлең берілген.

    Айта кету керек, бұған дейін, «Жыр анасы» атанған  жерлесіміздің құрметіне сынып сағаттары мен  көрме ұйымдастырылған. «Мәриям оқулары» байқауы – солардың жалғасы. Білім алушылар М.Хәкімжанова атындағы мектепте білім алып жатқанын мақтанышпен айта алады.

       Жерлесіміз тамаша ақын, дарқан жүректі ана, аса аяулы жан Мәриям апамыздың ұмытылмас бейнесі халық жадында әрқашанда сақталады.

       Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Хакімжанова М. Мұрын жырау мұралары // Жұлдыз, №7, 1987. – 163б.
  2. Хакімжанова М. Мұрын жырау туралы есімде қалғандар. Батырлар жыры. Қырымның қырық батыр VІ т. Алматы: Жазушы, 1990
  3. Ғ.А. сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры К – 397 қор, №2дәптер.
  4. // «Ана тілі» 2003, 24 көкек, 13 ақпан.
  5. // «Жас Алаш» 2002, 15 қазан.

ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ САБАҒЫНДА ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУДІҢ ТИІМДІ ЖАҚТАРЫ

Дайындаған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі: Шайкенов К.А.

       Елбасы Н.Ә. Назарбаев әрбір жылғы халқына арнаған жолдауында: «жедел дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті; ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық мәдениетті бойында қалыптастырған; шығармашылығы дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру» деп атап өткен болатын.

      Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата – бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау» – деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады.         Бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина да өз шығармаларында айтқан. Ол сондай – ақ спортты мағынасына қарай жеңіл, ауыр, ұзын, қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген. Денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан.       Бүгінде білім – қоғамның әлеуметтік-экономикалық, интеллектуалдық және рухани дамуының стратегиялық бағдары ғана емес, сонымен қатар біздің қоғамымыздың қауіпсіздігінің кепілі.         Оқытудағы жаңа технология аса қажетті педагогикалық мәселелердің шешімдерін табуға, ой еңбегін арттыруға, оқу процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Жаңа технологияларды оқыту үрдісінде қолданудың негізгі ерекшелігі ол оқытушылар мен оқушыларға өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасауға көп мүмкіндік береді және оны педагогикалық мақсатта пайдалану оқушылардың зердесіне, сезіміне, көзқарасына әсер ете отырып оның интеллектуалдық мүмкіншіліктерін арттыруға көмектеседі.        Дене тәрбиесінің әлеуметтік жүйе және қоғамдық құбылыс есебінде дене тәрбиесі жүйесін, оның қалыптасуы мен дамуының негізгі заңдылықтарын, оның қызметі мен құрылымын танып, білудің қажеттілігі білім мен тәрбие талаптарына сәйкес өсіп келе жатқан ұрпақтың дене тәрбиесін қамтамасыз ету үшін керек. Дене тәрбиесі тек мектептегі дене шынықтыру сабағы ғана емес, ол сабақтан тыс, мектептен де тыс денсаулыққа байланысты шаралар жүйесі екенін ескерсек, қазіргі кезеңдегі білім беру орындарындағы дене тәрбиесінің жүйесі жастардың денсаулықтарын нығайтумен қоса, тұлға бойындағы биологиялық-психологиялық қажеттіліктердің жан-жақты жетілуіне, өмірге белсенді ұстаным мен ізгілікті қатынастарын дамытуды меңзейді.

     Қазіргі кезеңде жалпы орта мектептердегі оқу бағдарламаларын құрастыру бағыт-бағдары өзгерді. Алайда, бұлардың бәрінде мектеп оқушыларын қайда оқитындығы ескерілмейді, олардың меңгеруі тиіс негізгі дағдылар мен қабілеттер, оқу нормасын тапсыруға арналған шарттар көрсетілген. Денені шынықтыру жаттығуларының орындалуы қозғалыс дайындығының деңгейі туралы мәлімет береді. Дегенмен, бұл бағдарламалар базалық, үлгілік сипатқа ие, сондықтан оларды әрбір педагог жергілікті жағдай мен салт-дәстүрлерге орай өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, өзгерте алады. Дене тәрбиесі мәселелерін шығармашылық тұрғыда шешуге, өзгермелі өмір жағдайында инновациялық процестер мен жаңашыл бағыттарды дер кезінде меңгере отырып, тәжірибеге сын көзбен қарап, дене тәрбиесі міндеттерін жүзеге асыруға белсенді, салауаттылық пен дене мәдениетін меңгерген маман даярлаудың маңыздылығы артуда.      Елімізде бәсекеге қабілетті білім – білім беру саласының ең басты міндеті болып отыр. Дамудың алдыңғы қатарындағы елдердің білім дәрежесімен теңесу – еліміздің біліми саясатының негізгі көздегені. Дамыған елу елдің қатарына енудің алғышарттарының бірі де осы сапалы да бәсекеге қабілетті білім. Сондықтан да еліміздегі мектептердегі білім берудің басты ұстанымдары мен міндеттері, әрекеттері, жолдары осы мақсатқа орай ұйымдастырылады.     Мақсатқа жетудің түрлі жолдары бар. Солардың бірі де бірегейі оқытудың жаңа технологияларын пайдалану. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының (Астана, 2000 жыл) 18-бабының 8-тармағында: «Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізу, білім берудің жаңа мазмұнын енгізу үшін білім беру ұйымдарында эксперимент тәртібімен іске асырылатын білім беру бағдарламалары әзірлену мүмкіндігі», – атап көрсетілген [1]. Осыған орай қазір еліміздегі көптеген мектептерде білім берудің жаңа жүйесі енгізіліп, әлемдік білім беру кеңістігіне бет алуда. Білімі мен ғылымы өз дәрежесінде дамыған елдер көш бастап, қашан да елдік дамудың кез келген саласында озық тұрары сөзсіз. Бізде осы көштен қалмаудың қамын жасап бағудамыз.     Жалпы орта мектептердегі «Дене тәрбиесі» пәнінің мақсаты әлі күнге дейін толықтыруды қажет етеді, осыған орай оның ғылыми негізделген бағыт-бағдарын жасау қажеттілігі туындайды. Осы бағыттағы ізденістердің тиімдісі дене тәрбиесі сабағында дәстүрлі емес оқыту құралдарын қолдануды зерттеу болып табылады.      Дене тәрбиесі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласының бір тармағы болып табылады және ол жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне, ұзақ уақыт шығармашылық еңбекке жарамды адамды қалыптастыруға, оны Отан сүйгіштікке дайындауға қызмет етеді.      Республикамыздағы білім беру саласында және әртүрлі қолдану салаларына байланысты жаңа бағыттағы спорт, дене тәрбиесі жүйесі бойынша мамандарға деген сұраныстардың артуы, оларды дайындаудағы білімділігі мен қабілеттілігі, біліктіліктің қазіргі талаптарға сай болуы өте үлкен маңызды жұмыстарды атқаруды талап етеді және болашақ педагогтардың кәсіби даярлығын, білім стандартына, мазмұнына сай жетілдіру мәселелері көкейкесті мәселе болып отыр. Көрсетілген міндеттерді толық жүзеге асыру дене тәрбиесі жүйесіне тікелей байланысты. Дене тәрбиесін жүзеге асыру – денсаулықты нығайту, білім беру, дамыту, тәрбиелеу міндеттерін шешуге арналған педагогикалық жұмыстардың бірі бола отырып, жеке тұлғаның денсаулық деңгейін арттыру, табиғи күш-қуатын нығайту, дене мүшелерін гигиеналық негіздері мен дене- қозғалыс қабілеті мүмкіндіктеріне сай, өз бетінше қимыл-қозғалыс жаттығуларын орындап, өзін- өзі үнемі дамытып, көңілді де сергек жүруге баулиды. Болашақ ұрпағымыздың денсаулығының мықтылығы, салауатты өмір сүруі мектеп мұғалімінің жеке басымен оның жоғары оқу орнындағы теориялық жеке тәжірибелік дайындығының дәрежесіне тікелей байланысты. Осыған орай оқушылардың дене тәрбиесі жүйесін жүзеге асыру жұмыстарын ұйымдастыруға болашақ мұғалімдерді даярлау ісін кәсіби дайындықтың ажырамас бөлігі ретінде қарастыру керек. Дене тәрбиесі және спорт мамандары күрделі әлеуметтік міндеттерді шешуге араласумен бірге оқушылардың психологиялық ерекшеліктеріне сай, оқу-тәрбие міндеттерін шешуде олардың рухани жетекшісі де болуы тиіс.     Оқушыларға дене шынықтыру сабақтарында жаңа технологияны пайдалану оқыту мен тәрбиелеудің жалпы заңдылықтарына бағынған. Сондықтан оны іске асыру барысында дене тәрбиесінің жас және жыныстық ерекшеліктерін ескере отырып, осы заңдылықтарды көрсететін жалпы педагогикалық ұстанымдарды басшылыққа алу қажет. Ол ұстанымдарға жататындар: жан- жақтылық, саналылық пен белсенділік, бірте-бірте жасалатын әрекет, көрнекілік, жеке даралық.       Оқу үдерісінің үздіксіздігі негізгі үш қағидаларда көрініс тапқан: а) оқу-тәрбие үдерісі көп жылғы және жыл бойындағы сипатқа ие болуы тиіс; ә) сабақ барысында әрбір келесі сабақтың әсері алдыңғы сабақтың ізінше қатпарлы әсер қалдыруы тиіс, себебі жас оқушының ағзасында алдыңғы сабақтардың әсерінен пайда болған жағымды өзгерістер беки түсуі және жетіле түсуі қажет; б) демалыс жұмыс қабілетін қалпына келтірудің арта түсуі үшін жеткілікті болуы тиіс.      Дене жүктемелерін бірте-бірте және жоғары деңгейге арттыру ұстанымы олардың көлемі мен қарқындылығының, оқушыны дайындауға қойылатын талаптардың бірте-бірте күрделенуінің үздіксіз арта түсуімен байланысты болып келеді.       Сабақтарды бір-бірте күрделендіру оқушыны дайындаудың мүмкіндіктері мен деңгейлеріне сәйкес келіп, олардың спорттық жетістіктерінің үздіксіз арта түсуін қамтамасыз етуі тиіс.      Спорттық техника мен оны жаңа тұрғыда жетілдіруге үйрету әдістерінің кез-келген түрінің жағымды жақтары бар, бірақ ол жеке қалпында шапшаң әрі тиімді үйретуді толық қамтамасыз ете алмайды, сондықтан спорттық техниканы меңгеру барысында барлық әдістер бірін-бірі толықтыратын түрде қолданылады.     Қимыл-қозғалыстарды белгілі реттілікте игеру. Атап айтқанда: дайындалып жүрген оқушылардың оқуға деген жағымды ынтасын қалыптастыру; қозғалыс қимылының мәні туралы білімді қалыптастыру; әрбір спорт түрлері бойынша үйренетін қозғалыстар туралы толық түсінікті қалыптастыру; үйренетін қозғалыс қимылын тұтастай игеру. Сөйтіп, қимылға үйрету дегеніміз – бұл білім алу, қозғалыс икемділігін қалыптастыру және тиісті дене жағынан қалыптасудың қасиеттерін тәрбиелеу.      Дене тәрбиесі сабағында оқытудың дәстүрлі емес құралдарын қолдану барсында оқушылардың дене тәрбиесін дамыту технологияларын жетілдіруге; дене тәрбиесі сабақтарында оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеуге, дене тәрбиесі арқылы жеке тұлғаның психофизиологиясын өзгеруге: өзін-өзі реттеуін қалыптастыру; дене тәрбиесі сабақтарын пәнаралық байланыс арқылы жетілдіру; дене қабілетін рухани құндылықтар арқылы дамыту; релаксация арқылы жеке тұлғаның психофизиологиялық қабілеттерін дамыту; психикалық қуат мүмкіндіктері мен дене тәрбиесін сабақтастырып дамытуға т.б. қол жеткізуге болады.

     Мәселен М. Хәкімжанова атындағы №20 орта мектебінің дене шынықтыру әдістемелік «Салауат» бірлестігінде оқытудың дәстүрлі емес құралдарын қолдану барысы, сонымен қатар пән аралық байланыс сініру арқылы тұлғаны психофизиологиясын өзгеруге, өзін қалыптастыру ушін түрлі жұмыстар жүргізілуде.

 «Салауат» бірлестігінде алты дене шынықтыру мұғалімі жұмыс жасайды олар:

  1. Изтелеуов Жумабай – біліктілігі жоғары санатты маман. Мини футболдан, волейболдан, гандболдан т.б спорт түрлерінен қалалық білім бөлімінін және облыстық деңгейдегі мадақтамалары бар. «Асық ату» спортынан Халақаралық турнирдегі 3 орын жулдегері.
  2. Бралин Азамат Даулетович – білімі жоғары II-санатты маман. Әр жылдары әр-турлі спорт түрінен облыстық, қалалық деңгейдегі мадақтамаларына ие болған. Өткен 2016-2017 оқу жылының «Үздік дене шынықтыру мұғалімі» атты қалалық сайысында жулделі III-орынға ие болды.
  3. Шакенов Куаныш Акылбекович – білімі жоғары, біліктілігі жоғары санатты маман. Дене шынықтыру әдістемелік бірлестіктін жетекшісі,  мини футболдан, волейболдан,  т.б спорт түрлерінен қалалық білім бөлімінін және облыстық деңгейдегі мадақтамалары бар.
  4. Серикбаев Чингиз Кусаинович – білімі жоғары II-санатты маман. Әр жылдары әр-турлі спорт түрінен облыстық, қалалық деңгейдегі мадақтамаларына ие болған.
  5. Муканов Канат Конысович – білімі арнайы орта I-санатты маман. Мини футболдан, волейболдан, гандболдан т.б спорт турлерінен қалалық білім бөлімінін және облыстық деңгейдегі мадақтамалары бар.
  6. Курпебаев Жасулан Кенжебекович – білімі жағары жас маман. Мини футболдан, волейболдан, т.б спорт түрлерінен қалалық білім бөлімінін және облыстық деңгейдегі мадақтамалары бар.